СҚО-да түнгі уақытта тыныштықты бұзу жайттары анықталды
Жыл басынан СҚО полицейлері тыныштықты бұзған 500-ден астам бұзушыны жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адамдар тыныштықты бұзғандарға қатысты полицияға жиі арызданады. Өткен түнде сағат 23-тен кейін «102» пультіне Ульянов көшесінің тұрғындары хабарласты. Шақырту бойынша барған учаскелік полиция инспекторы пәтерде алкоголь ішіп, қатты музыканы қосып қойып демалмақ болған бас қосқандарды анықтады. Пәтер иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша хаттама толтырылды.
– Учаскелік инспекторлар өз жұмысында халықтың арыздарына жедел ден қоюға басымдық жасайды, – деп атап өтті Петропавл қ. ПБ ЖПҚ бөлім бастығы Рустам Садулов. – Тиімділікті арттыру үшін соңғы екі жылда петропавлдық полицейлердің практикасына ППБ қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларының бірлескен түнгі кезекшіліктері енгізілді. Күндіз патруль экипажы екі-үш шақыртуға барып үлгереді, түнде шақыртулардың саны артады. Басым бөлігі учаскелік полиция инспекторларының желісі бойынша, яғни тыныштықты бұзу, отбасыдағы зорлық-зомбылық, мас адамдардың жанжалы. Бұл халықтың хабарламаларына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Әр түн сайын Петропавл көшелеріне 12 патрульдік экипаж кезекшілікке шығады. Орталықта, Бірінші және Екінші полиция бөлімдерінің аумағында жүретін үш экипаждың құрамында учаскелік инспекторлар болады. Ал жұма және сенбі күндері патрульдік полицейлермен бірге түнгі кезекшілікке алты учаскелік полиция инспекторы аттанады. Кейде кезекшілік тәулікте 219 мың халқы бар қалада шақыртулар саны оннан асады.
Жыл басынан СҚО аумағында тәртіп сақшылары түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 567 дерегінің жолын кесті.