Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да тұрғындар полицейлерге есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді көмек көрсетуде

СҚО-да тұрғындар полицейлерге есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді көмек көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткіге қарсы күрес - мемлекеттік органдар мен халықтың ортақ міндеті деген пікір қаншалықты кең тараған? Осыны анықтау үшін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік эксперимент жүргізді.

Полицейлердің нұсқаулығымен дайындалған актерлер жұрт көзінше "қойма" жасау және іздеу әрекетін бейнелеп көрсетті. Олар оқшаулағыш таспамен оралған муляжды пайдаланды. Тәртіп сақшылары тұрғындардың әрекетіне назар аударып, кімнің болған жағдайды видеоға түсіргенін, полицияға хабарласқанын немесе жай ғана өтіп кеткенін белгіледі.

- Орта есеппен әрбір бесінші петропавлдық полицияға жүгінді, олардың басым бөлігі жастар.

Әрине, бұл эксперименттің нәтижесін нақты деп айтуға болмайды. Оның басты мақсаты - әрбір адамның есірткіге және есірткі қылмысына қарсы күреске үлес қоса алатынын еске салу, - деп хабарлады СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетов.

Жыл басынан бері басқарманың сенім телефонына 5, WhatsApp нөміріне 9 хабарлама түсті. "102" арнасына түскен ақпарат бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар полиция подполковнигі Үмбетов Петропавлда интернеттің "тазалығы" үшін жүйелі күрес жүргізіп жүрген анонимді қолданушы бар екенін атап өтті. Ол күн сайын дерлік полицейлерге есірткі сататын интернет-дүкендердің жарнамалары мен курьерлерді іздеу туралы хабарландырулардың сілтемелерін жолдайды. Наурыз айынан бері оның көмегімен жастарды нашақорлық пен есірткі бизнесіне тартуы мүмкін 70-тен астам ресурс бұғатталды. Өкінішке қарай, ол өзінің аты-жөнін жария етуден бас тартып отыр. Дегенмен, Руслан Үмбетовтің айтуынша, бұл азамат полиция тарапынан алғыс хатқа әлдеқашан лайық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру