СҚО-да туристік полицейлер курорт аймағындағы қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
СҚО-да туристік полицейлер курорт аймағындағы қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айының ортасынан бастап СҚО-дағы туристер көп шоғырланатын Имантау-Шалқар курорт аймағында қоғамдық тәртіпті сақтауды туристік полиция қызметкерлері жүзеге асырып келеді.
Айыртау ауданы аумағында орналасқан Имантау-Шалқар курорт аймағында 48 демалыс орны, 3 балалар сауықтыру орталығы бар, сондай-ақ демалушыларға 516 үй жалға беріледі.
“Имантау” және “Шалқар” демалыс аймақтарына әрқайсысына 4 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Сонымен қатар, туристер легінің артуына байланысты өткен айда Айыртау аудандық полиция бөлімінің штаттық құрамына туристік полиция қызметінің 2 инспекторы қосылды.
Олар қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін меңгерген. Шетелдік туристерге Қазақстан Республикасында болу ережелерін түсіндіреді, туризм нысандары әкімшілігімен тығыз байланыс орнатып, оқиғалардың алдын алуға және туындаған жағдайларға жедел әрекет етуге ықпал етеді.
Негізгі міндеттері – туристердің, соның ішінде шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қатысты құқықбұзушылықтарға жол бермеу, курорт аймақтарын тұрақты патрульдеу.
Курорт аймағын толық қамту үшін 8 патрульдеу бағыты әзірленген, оның 6-уы жаяу, 2-уі автокөлікпен жүзеге асырылады. Патрульдеуге учаскелік инспекторлармен бірге полицияның өзге де қызметкерлері тартылады.
“Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында полицейлердің басты міндеті – өңір тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.