СҚО-да Ұлттық ұлан курсанттары бөгетті нығайту жұмыстарына жұмылдырылды
Ұлттық ұлан курсанттары СҚО-дағы Тепличное кенті маңындағы бөгетті нығайтуға жұмылдырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
24 сәуірге қараған түні Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылы маңында орналасқан жағалау бөлігіне жақын жерде су деңгейі бұрын салынған бөгеттің биіктігіне жақындады. Бұл жағдай елді мекенді су басу қаупін туғызып отыр.
Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан академиясының курсанттары шұғыл түрде бөгетті нығайту және биіктету жұмыстарына кірісті. Жұмыстар академия бастығы Артур Тоқышевтің тікелей басшылығымен, тәулік бойы екі ауысымда – әрқайсысы 200 адамнан тұратын жеке құрамның күшімен жүргізіліп жатыр.
Курсанттар инертті материалдармен толтырылған қаптарды тасымалдап, бөгет бойына төсеу жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді. Жеке құрамның үйлесімді әрі батыл әрекетінің арқасында су тасқынының елді мекен аумағына таралуының алдын алуға бағытталған барлық қажетті шаралар уақытылы қабылданып жатыр.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы академиясының курсанттары табиғи апат салдарын жоюға белсенді қатыса отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен су тасқынының зиянын барынша азайту бағытындағы міндеттерді абыроймен атқаруда.