Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да үш жастағы бала терезеден құлап кетті

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында төртінші қабаттың терезесінен үш жасар бала құлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасы бес қабатты үйде тұрады, терезелері ПВХ-дан жасалған. Терезеге орнатылған шыбын-шіркей торы жақтауға шыққан баланың салмағын көтермеген. Ересектер үйінде болғанымен, терезе ашық тұрған. Бала алған жарақат салдарынан көз жұмды.

Өкінішке орай, осындай жағдайлар көп қабатты үйлерде жиі болып тұрады. Бүгінгі таңда пәтерлердің көбінде ешқандай күшті қажет етпей, оңай ашуға болатын пластик терезелер орнатылған. Балалар терезенің жақтауына шыққанды жақсы көреді. Алайда, қорғаныс құралдарымен жабдықталмаған және желдету үшін шалқасынан, жартылай, жоғары жағын ашылған терезе – бала үшін қауіпті екендігін естен шығармаған жөн. Ересек адамның бір сәтке көңіл бөлмеуінің салдары қайғыға алып келуі мүмкін. Ешқашан шыбын-шіркей торына сенбеу керек. Олар конструкциясы жағынан жеңіл және тек жәндіктерден немесе терек мамықтарынан қорғаныс ретінде қызмет етеді.

Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция қызметкерлері бүлдіршіндердің терезеден құлау мәселесіне ересектердің назарын аудару үшін профилактикалық ролик жасады.

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Григорий Тыштың айтуынша, пандемия жағдайында балалардың барлығы дерлік үйлерінде отырды, дәл осы уақытта қауіпсіздік мәселелері аса өзекті болып келеді. Бөлмені желдету – коронавирустық инфекция профилактикасындағы тиімді шара болып табылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер және ТЖ қызметкерлері арнайы қорғану құралын – қауіпсіздік құлыптарын орнатуға кеңес береді. Олар жаңа терезеге де, үйде біраздан тұрған терезеге де оңай орнатылады. Кілт арқылы терезенің ашылуы шектеліп, желдету режимі сақталады.

Жиһазды орналастыру кезінде балалардың белсенділігі мен білімқұмарлығын ескеру қажет: терезенің маңайы барынша бос болғаны жөн.

Бұдан бөлек, терезе жақтауында ойын ойнауға үзілді-кесілді тыйым салынуы тиіс. Егер ата-аналар өздерінің көзінше бүлдіршінге терезенің жақтауына мінуге рұқсат берсе, ол ата-аналары болмаған кезде бұл әрекетті өз бетімен қайталап жасауы мүмкін.
Алдын алудың ең тиімді шарасы – ата-аналардың қырағылығы және ересектердің тұрақты бақылауы болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру