Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды

СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер органдарында жедел уәкіл қызметі ең күрделі, жауапты әрі болашағы бар лауазымдардың бірі болып саналады. Бұл мамандар төзімді, кез келген адаммен тіл табыса алатын, харизмасы мен аналитикалық ойлау қабілеті бар болуы тиіс. Сонымен бірге үздіксіз өзін-өзі дамыту, мықты дене дайындығы және кез келген жағдайда мергендікпен ату шеберлігі қажет. Тәжірибелі жедел уәкілдердің ірі полиция бөлімшелерін басқаруы да тегін емес. Бұл мектеп мінезді шыңдап, баға жетпес тәжірибе береді.

Солтүстік Қазақстан облысында үздік жедел уәкіл анықталды. Қылмыстық полиция басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқау бірнеше кезеңнен тұрды, оған қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Офицерлер заңнаманы білу деңгейін көрсетті, тирде оқ атты, жүгіруден және тартылудан сынға түсті, кәсіби шеберліктерін дәлелдеді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған – Тайынша ауданы полиция бөлімінің капитаны Бауыржан Серік. 27 жастағы офицер 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Ол Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясын тәмамдаған. Қазіргі таңда оның негізгі бағыты – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл. Сонымен қатар әріптестерімен бірге нашақорлықпен күрес, ұрлық пен өзге де қылмыстарды ашумен де айналысады.

Бауыржанның өзі атап өткендей, табыстың кілті – тұрақты жаттығулар, ату машығын жетілдіру және үздіксіз білім алу. Облыстық байқаудағы жеңіс оған жаңа серпін берді: қазанда ол Ішкі істер министрлігінде өтетін республикалық "Үздік жедел уәкіл" конкурсында Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру