СҚО-да “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті
СҚО-да “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов пен облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қоғамда “Заң мен тәртіп” идеологиясын нығайтуға бағытталған тұжырымдаманы жүзеге асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылды “Профилактика жылы: полиция – Заң мен тәртіп күзетінде” деп жариялады, бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңдылық қағидаттарын нығайту және кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Кеңеске қоғам белсенділері, блогерлер, ведомствоның есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің өкілдері, сондай-ақ облыстық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшылары қатысты. Жергілікті полиция қызметі басқармасы, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары өз баяндамаларында тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарын атап өтті.
Айдын Қабдұлдинов нақты тапсырмалар берді. Жергілікті полиция қызметі басқармасына білім басқармасымен бірлесіп, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған қауіпсіздік және құқықтық тәрбиелеу сабақтарын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл сабақтар шығармашылық байқаулар, эсселер, пікірсайыстар, олимпиадалар, іскерлік ойындар және “Жас заңгерлер” үйірмелері арқылы жүзеге асырылады. Әкімшілік полиция басқармасына мектептер маңында жол белгілерін, жолақтарды және “жол кедергілерін” орнатуды жаңа оқу жылы басталғанға дейін қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды топпен тасымалдау кезінде патрульдік сүйемелдеуді ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар, “Жолдағы қабылдау” акциясы аясында тегін заң кеңестері ұйымдастырылады.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасына әлеуметтік желілер арқылы таралатын синтетикалық есірткілердің ұлттық қауіпсіздік пен ұлт генофондына төндіретін қауіпін ескере отырып, жасөспірімдерді есірткі тасымалдаушылардың құрбаны болудан қорғау мақсатында ювеналды полициямен бірлесіп профилактикалық шараларды күшейту тапсырылды. Бұл шаралар тұжырымдаманы жүзеге асыру жоспары аясында әкімдіктер, қоғам және еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылады.
Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасына интернет-алаяқтықтың алдын алудың тиімді жолы ретінде халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ E-gov мобильді қосымшасы арқылы онлайн-кредиттерден ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін насихаттау қажет. Қазіргі уақытта бұл қызмет облыс бойынша 42% қамтылған. Блогерлермен, еріктілермен жұмыс күшейтіліп, еңбек ұжымдарында дәрістер ұйымдастырылуы тиіс. Жастар, белсенді халық және зейнеткерлер сияқты барлық санаттағы азаматтар алаяқтардың схемаларын біліп, өздерін қорғау үшін ақпараттандырылуы қажет.
Кеңес барысында қалалық мәслихат депутаты, журналист және блогер Закиржан Мамлютов пен заңгер-құқық қорғаушы, іздеу отрядының жетекшісі Евгений Соловьев өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Полиция қызметкерлері қонақтарға алғыс білдіріп, олардың ұсыныстарын жұмыс барысында ескеретіндерін жеткізді.
Айдын Қабдұлдинов кеңесті қорытындылай келе, Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жыл бойы көптеген профилактикалық іс-шараларды жоспарлағанын және бұл шаралардың табысты өтуі үшін қоғамның, журналистердің және бейжай қарамайтын азаматтардың белсенді қолдауы қажет екенін атап өтті.