СҚО-да жабылған жолдарда полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етуде
СҚО-да жабылған жолдарда полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті. 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні жауған қалың қар мен күшейген жел автокөлік қозғалысын едәуір қиындатты.
Осыған байланысты 6 қаңтар күні сағат 07:30-дан бастап жауапты органдармен келісім бойынша облыстың оңтүстігінде орналасқан Тайынша ауданында ауа райы қалыпқа келгенге дейін аудандық маңызы бар барлық автожолдарда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Аталған бағыттардағы патрульдік полиция батальонының қызметі полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында. Облыс орталығынан шығаберістегі қызметтің жай-күйін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев тексерді.
Жалпы өңір тұрғындары қолайсыз ауа райы кезінде жедел қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарап отыр. Полиция қозғалысқа енгізілген барлық уақытша шектеулер азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтеді.
6 қаңтар сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы аумағында келесі автожолдарда көлік қозғалысы жабық:
-
Астана – Петропавл автожолы (Петропавл қаласынан Ақмола облысының шекарасына дейін);
-
Екатеринбург – Алматы» автожолы (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан аумағы);
-
Көкшетау – Рузаевка автожолы (Айыртау ауданы);
-
Жезқазған – Петропавл автожолы (Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін).
Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі өңір тұрғындары мен қонақтарын ауа райына байланысты жіберілетін SMS-хабарламаларды мұқият қадағалауға, сондай-ақ боран мен қатты аяз кезінде елді мекендер арасында жолға шықпауға және жаяу жүрістен бас тартуға шақырады.
