СҚО-да жаңа жылдық шыршалардың заңды сатылуы тексерілуде
СҚО-да сатылып жатқан жаңа жылдық шыршалардың заңдылығын тексеру рейдтері жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мен әкімдік өкілдері журналистер мен қоғам белсенділерімен бірлесіп Петропавл қаласындағы жаңа жылдық шыршалар сатылатын нүктелерге рейд ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету және заңнама талаптарының орындалуын бақылау.

Облыс орталығындағы шырша сататын барлық нүктелер тексерілді. Құжаттары талапқа сай барлық сатушылар анықталса да, Украинская және Н.Назарбаев көшелерінде екі азамат белгіленбеген орындарда сауда жасаған. Айта кету керек, бұл тыйым тек шырша саудасына ғана қатысты емес: жыл басынан бері 1200-ден астам адам осындай құқық бұзушылыққа жол берген, олардың 52-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қалғандарына ескерту берілген.
"Шырша" жедел-профилактикалық іс-шарасы 15 желтоқсаннан басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Сонымен қатар рейдтер орман алқаптары мен елді мекендер аумағында да жүргізілуде. Бұл шаралардың басты мақсаты — өңірдің орман қорын заңсыз кесуден қорғау.
