СҚО-да жас полицейлерге музейге экскурсия ұйымдастырылды
СҚО-да жас полицейлерге музейге экскурсия ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстанда қанша көше құқық қорғаушылардың есімімен аталғаны, қылмыстардың қалай ашылғаны, Қазақ хандығы заңдарынан Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы қалай қалыптасқаны – осы және басқа да тарихи деректерді жас полицейлер облыстық полиция департаментінің музейінде өткен экскурсияда білді.
Іс-шара Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылды. Экскурсия музейдің кинозалынан басталды. Онда өңір полицейлеріне арналған фильмдер, бейнероликтер мен жаңалықтар топтастырылған бай видеотека бар. Кейін музей меңгерушісі Любовь Осинская қонақтарды 5 мыңнан астам экспонат қойылған төрт залға алып барды.
Қызмет өтілі бір жылдан аспайтын қатардағы және кіші офицерлер елдің Негізгі заңының тарихымен, сондай-ақ өңірдегі ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдерімен танысты. Сонымен бірге соғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі полицейлердің ерлігі, елге белгілі жерлестері туралы деректерді білді.
— Мен алғаш рет СҚО ПД музейіне келіп, көп қызықты мәлімет алдым
Өзім полицияға нағашымның үлгісінен әсер алып келдім. Ол кісіні әрқашан адалдық пен әділдіктің символы ретінде көретінмін. Бүгін музейде сондай азаматтардың есімі ұмытылмай, тарихта сақталғанына көз жеткіздім, – дейді полиция лейтенанты Темірхан Темірғали.
Жас қызметкерлерге арналған экскурсиялар СҚО ПД музейінде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл – Заң мен тәртіпті қорғауды таңдағандар үшін патриоттық тәрбиенің маңызды элементтерінің бірі.