Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жасөспірімдер қылмысы 20 пайызға азайды

СҚО-да жасөспірімдер қылмысы 20 пайызға азайды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалуда. Ювеналдық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, биылғы үш айда кәмелетке толмағандар 4 қылмыс жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жағдайға аз. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 20 пайызға төмендеген – 20-дан 16-ға дейін азайған.

Полицейлер мұндай нәтижеге профилактикалық шаралардың кең ауқымды қолданылуының арқасында қол жеткізілгенін айтады. 2023 жылдан бастап облыста қолайсыз отбасыларды анықтау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Оның құрамында полициядан бөлек, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері бар. Есепте тұрған жасөспірімдер мен өз балаларына жауапкершілікпен қарамайтын ата-аналар тұрақты бақылауда.

Бұл бағыттағы жұмыс 10 сәуірде облыста басталған республикалық “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілді. Бір ай бойы полиция қызметкерлері пәтерлерді аралап, түнгі көшелерде рейдтер өткізеді. Бұл, әсіресе, көктемнің алғашқы жылы күндерінде өзекті.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сақталуы — полиция қызметінің “Заң мен Тәртіп” қағидасын жүзеге асыру жолындағы маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру