СҚО-да жасөспірімдер қылмысы азайды
Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдер қылмысы 30 %-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша полицейлермен жүргізілетін жұмыс, карантиндік іс-шараларға байланысты жазғы демалыс лагерлері мен жасөспірімдердің мектептен тыс бос уақыттарын өткізу ұйымдары жабылған кезеңде, әсіресе қазіргі уақытта өзекті болып отыр. Тәртіп сақшылары түнде көшелерде рейдтер жүргізіп, педагогтармен бірлесе тұрмысы қолайсыз отбасыларды, ювеналдық полиция бөлімдерінде, сондай-ақ мектепте есепте тұрған балаларды мекенжайлары бойынша тексереді.
– Көп жағдайда ювеналдық полицейлерге түнгі уақытта, яғни түнгі сағат 23-тен таңғы сағат 6-ға дейін балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жүру фактілері кездесіп жатады, – деді СҚО Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах. – Жыл басынан 1085 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды. Мұндай фактілер адамдардың құқықтық сауатсыздығынан орын алады: олар жасөспірімнің қауіпсіздігіне кез-келген ересек туысы кепіл бола алады деген ойға келіп, кәмелетке толмағанның заңды өкілі тек ата-аналары немесе оларды алмастыратын тұлғалар ғана бола алатынын біле бермейді.
Бұдан бөлек, 12 көңіл көтеру орындарының иесіне түнгі сағат 23-тен кейін жасөспірімдердің мекемеде болуына жол бергені үшін айыппұл салынды. Кәмелетке толмағандарға байланысты жасалатын түрлі құқық бұзушылықтар бойынша облыс полицейлері 1734 әкімшілік хаттама толтырды. Балалардың тәрбиесіне қатысты міндеттерін атқармағаны үшін 399 ата-ана жауапқа тартылып, 98 жасөспірім есепке қойылды. Бүгінгі таңда облыста ювеналдық полицейлердің есебінде 152 жасөспірім тұр. Сондай-ақ, полицейлер тұрмысы қолайсыз 257 отбасының ата-аналарымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Кәмелетке толмағандардың спирттік ішімдіктерді ішу фактілері басты назарға алынды. Жыл басынан осындай 141 факті тіркелді. Маусым айында «Уют» дүкенінің маңында жүрген жас қыз назарға ілігіп, полиция шақыртылды. 16 жастағы мектеп оқушысының алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жасөспірімді есепке қойып, материал жинақтауда. Ата-анасы жауапқа тартылып, әңгіме жүргізілді.
Полицейлер бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша СҚО-да жасөспірімдер қылмысының 30%-ға төмендегенін атап өтті, яғни 16-дан 11 фактіге. Негізінен ұрлық саны азайған. Құқық бұзушылықтардың негізгі көзі болып табылатын балалардың бақылаусыз қалуын жоюға бағытталған профилактикалық жұмыс жалғасатын болады.