СҚО-да жол ережесін бұзған 112 самокат жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
СҚО-да жол ережесін бұзған 112 самокат жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері электрлі самокат жүргізушілерінің жиі жасайтын бұзушылықтары жайлы айтып берді.
Соңғы уақытта көліктің бұл түрі Петропавл қаласында кең сұранысқа ие болды. Өкінішке орай, қаланың кейбір тұрғындары оларды жауапкершілікпен пайдаланбайды. Облыс орталығында самокаттардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркеліп үлгерді. Біріншісінде самокат жүргізушісі жол үстінде автокөліктің астына түскен, екінші жағдайда тротуарда кетіп бара жатқан 70 жастағы қарт әйелді қағып кеткен. Тәртіп сақшылары кінәлі адамды тез арада анықтады. Ол 16 жастағы жасөспірім болып шықты.
Баласының жол жүрісі қағидаларын білуін және сақтауын бақыламаған әкесі ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Баптың санкциясы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді.
30 тамызда электрлі самокаттарды пайдалануды реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Сол уақыттан бастап полиция қызметкерлері электрлі самокаттарды басқаратын жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтауы бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері ескерткендей, электрлі самокатпен жол үстімен жүру үшін жүргізуші 18 жасқа толған, басына арнайы шлем киген және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Сондай-ақ оларға жолаушыларды тасымалдауға, бір бағытта екі жүру жолағы бар жолда сол жаққа бұрылуға тыйым салу сияқты талаптар қойылған. Жаяу жүргіншілер өткеліне келгенде самокаттан түсіп, жаяу өтуі керек. Бұдан бөлек, тротуарда жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі тиіс.
– Электрлі самокат жүргізушілерінің жиі жасайтын бұзушылықтары – жолаушыларды тасымалдау және жаяу жүргіншілер өткелімен жүріп өту. Әдетте жасөспірімдер самокатқа екеулеп мінеді. Сондықтан ата-аналардан кәмелетке толмаған балаларының кез келген көлік түрімен жүрген кезде жол жүрісі қағидаларын білуін және сақтауын қадағалауды сұраймыз. Рейдтік іс-шаралар өткен уақытта электрлі самокат жүргізген 112 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.