СҚО-да жол ережесін бұзған 9 мыңға жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды
СҚО-да жол ережесін бұзған 9 мыңға жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы тіркелген 174 жол-көлік оқиғасында 13 жаяу жүргінші қаза тауып, 171 адам жарақат алған. Жалпы өңірде 593 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 47 адам көз жұмып, 793 адам түрлі деңгейде жараланған.
Негізгі себеп — жол қозғалысына қатысушылардың тәртіп деңгейінің төмендігі. Әрбір жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолды белгіленбеген жерден кесіп өту деректерінің жүздеген фактісін анықтайды.
Кей жағдайда жауапкершілікке тартылған азаматтар сабақ алмаған. Мәселен Мағжан Жұмабаев ауданының 24 жастағы тұрғыны желтоқсан айында Сергеевка аудан орталығында жолды белгіленбеген жерден өткені үшін екі рет жауапкершілікке тартылған.
Ал Шал ақын ауданының 21 жастағы тұрғыны тіпті өрескел тәртіп бұзушылықтарымен көзге түскен. Ол сәуір және желтоқсан айларында жаяу жүргінші ретінде екі рет жауапқа тартылса, қараша айында ВАЗ-2106 автокөлігін басқару құқығы болмағанына қарамастан рөлге отырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Бір жыл ішінде СҚО-да жолды дұрыс емес жерден кесіп өткені үшін 8642 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды. Полиция әрбір құқық бұзушылықтың жол-көлік оқиғасына әкелу қаупі бар екенін ескертеді.
Жол қозғалысы ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарау, "Заң мен Тәртіп" қағидатын құрметтеу ғана жол-көлік жарақаттарын азайтып, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
