СҚО-да жүргізушілер мен полицейлер шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы брифингті талқылады
СҚО-да жүргізушілер мен полицейлер шетелдік тіркеудегі автокөліктерді заңдастыру туралы брифингті талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын заңдастыру басталады. Солтүстікқазақстандық полицейлер мен облыстық прокуратура өкілдері ҚР Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингін бірге тыңдау үшін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді пайдаланатын адамдарды шақырды. Кездесуде заңдастырудың тәртібі мен шарттары түсіндірілді. Негізгі ережелер қарапайым: көлік құралы Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, іздеуде болмауы және кедендік тазартудан өтуі тиіс.
– Бүгінгі таңда бұл тақырып автокөліктердің жүргізушілері арасында өзекті болғандықтан, олардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беру үшін және басқа да адамдарға осы заңдастырудың мәселелерін айтып түсіндіретін бастамашыл топ құру үшін шақырдық, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Полицейлер кездесу туралы халықты әлеуметтік желілер арқылы хабардар етті. Әкімшілік полицейлердің бастамасы үлкен қызығушылық тудырды.
– Досым осы туралы сілтемені жіберді, содан кейін өзім Instagram-дағы хабарландыруды көрдім, өзімнің таныстарыма да жібердім, – дейді кездесуге қатысушылардың бірі.
Петропавл қаласындағы Володарский көшесі, 18 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратқа барлығы жүзге жуық адам келді. Олар сол жерде сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Көптеген адам мөрмен немесе заңгермен расталған сатып алу-сату шартын ұсыну керек пе деп алаңдады. Тәртіп сақшылары қолмен жазылған нұсқасы жеткілікті екенін айтып адамдарды тыныштандырды. Жүк көліктері бойынша да сұрақтар қойылды. Полицейлер максималды салмағы 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері мен 5 тоннаға дейінгі шағын автобустар заңдастыруға жататынын айтты.
Полицейлер мен белсенділер осы мақсатпен құрылған Telegram-арнасында пікір алмасып тұруға келісті (//t.me/petropavloskbanderos). Облыс тұрғындары заңдастыру туралы сұрақтарына жауаптарын осы чатта немесе Процессингтік орталықтың call-орталығынан 8 (7152) 32-00-19, 32-00-22 алуына болады. Сондай-ақ бастамашыл топтар халықтың ұсыныстарын жинап, оларды ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетіне жібереді.
Серік Әлжанов атап өткендей, өзара іс-қимыл жасасудың осындай түрі қазіргі полиция жұмысында ерекше маңызды. Әрі бұл – ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын ұстанудың нәтижесі.