СҚО-да жыл басынан бері 12 шетелдік елден шығарылды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 12 шетелдік елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері облыстағы шетелдіктерге 2021 жылғы 5 маусымда кейбір заңнамалық нормаларға мораторий аяқталатынын еске салады.
Өткен жылы Қазақстан Республикасында болуға рұқсат беретін құжаттың мерзімі өткен немесе 2021 жылдың 5 маусымына дейін аяқталатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың шығуына рұқсатты ұзарту туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік шекарадан өту кезінде олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Көрсетілген мерзім аяқталып келеді. Енді шетелдіктердің бұл санаты елде одан әрі болу үшін заңды негіз болмаған кезде (жұмыс істеуге рұқсат, отбасын біріктіру үшін және т.б.), азаматтығы бар елге немесе тұрғылықты жеріне 5 маусымға дейін, сонымен қатар, үшінші елдер арқылы шығу мүмкіндігін пайдалана отыра шығуы тиіс. Болу мерзімі өткен шетелдіктер, бірақ одан әрі болу үшін заңды негіздер болса, уақытша тұруға рұқсат немесе қажетті санаттағы виза ресімдеу арқылы заңды мәртебесін ретке келтіруі керек.
Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында жүрген басқа мемлекеттердің азаматтары қайтадан азаматтығы бар елден келген құжаттардың толық пакетін, оның ішінде соттылығының бар-жоғын растайтын анықтаманы ұсынуы керек.
Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жүрген еңбек иммигрантына рұқсат беру және оны ұзарту туралы өтініш білдірген еңбек иммигранттары Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс, ал қайта кірген кезде олар алғашқы еңбек патенттерін тіркеуге және уақытша тұруға рұқсат алуға өтініш беруі тиіс.
Іскери, жеке немесе туристік мақсаттарда болу мерзімін ұзартуға тыйым салынады.
– Естеріңізге сала кетейік, ҚР заңнамасын жүйелі түрде бұзатын немесе елде ұзақ уақыт бойы заңсыз жүрген шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов. – Олар бойынша материалдар елден шығару мәселесін шешу үшін сотқа жіберіледі. Төрт ай ішінде қазірдің өзінде 12 шетелдік елден шығарылды, 70 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жыл басынан бері 1 860-тан астам шетелдік тіркелген. ҚР қонақтарынан заңнаманы біліп, сақтауды сұраймыз. Барлық сұрақтарыңызға аумақтық полиция бөлімдерінен немесе Петропавл қаласында 8 (7152) 34-00-23 телефоны арқылы кеңес ала аласыздар.