Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жыл басынан бері мал ұрлаудың 15 фактісі тіркелді

СҚО-да жыл басынан бері мал ұрлаудың 15 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2019 жылы мал ұрлығына қарсы күресті күшейту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді. ҚР Қылмыстық кодексі 188-1-бабымен (Мал ұрлау) толықтырылып, жауапкершілік қатаңдатылды. Осылайша бірнеше мәрте мал ұрлау ауыр қылмыс санатына жатқызылып, татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Сондай-ақ малдың еркін жайылымы үшін де әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе қаңғыбас мал қылмыскерлердің олжасына айналады. Бұдан бөлек, қараусыз қалған мал жол үстіне шығып кетіп, жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болуы мүмкін. Жергілікті полиция қызметінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан облыстағы 230 арнайы орнына 8225 бас қаңғыбас мал қамалған. Малдарды бағу ережелерін бұзғаны үшін 2243 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осындай шараларды қабылдағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысында осы қылмыс түрі едәуір азайды. Алайда мәселе жоқ емес. СҚО ПД тергеу басқармасының мәліметінше, облыста 8 айдың ішінде 15 мал ұрлығы тіркелді. Оның екеуі мал еркін жайылып жүрген уақытта жасалған. Басқа фактілерде тұяқтылар қамаулы тұрған жерінен ұрланған.

– Қора-қопсыны нығайту, мықтылап жасау мал ұрлығының алдын алуда жақсы көмек. Облыс тұрғындарын төрт түлікті бағып-қағуға жауапкершілікпен қарауға, оларды қаскөйлердің әрекеттерінен барынша қорғауа шақырамыз. Қылмыс болған жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет. Сол арқылы қылмыстың «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік көп болады, – дейді СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру