СҚО-дағы тергеу изоляторының қызметкері «Үздік пенитенциарлық психолог – 2024» атанды
СҚО-дағы тергеу изоляторының қызметкері «Үздік пенитенциарлық психолог – 2024» атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесінің психологиялық қызметінің 25 жылдығына арналған «Үздік пенитенциарлық психолог – 2024» байқауы аяқталды.
Байқауға еліміздің 16 өңірінің мамандары қатысты. Қатысушылардың әрқайсысы сотталғандармен жұмыс істеу үшін қажетті өзінің кәсіби дағдыларын, психологиялық міндеттерді шешу, әдістемелік дайындығын және өз қызметін жобалау қабілетін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №66 мекемесінің инспектор – психологы Данияр Шунгульшин жеңімпаз атанды.
– Осы байқаудың қатысушысы, содан кейін жеңімпазы болу мүмкіндігіне өте қуаныштымын. Маған өз білімім мен дағдыларымды іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік бергені үшін барлығына үлкен алғысымды білдіремін. Мен өзім Қостанай академиясының түлегімін, осында қайта оралып, оқытушылармен кездесіп, курсанттық жылдарымды еске алып, басқа облыстардағы әріптестеріммен тәжірибе алмасуға қуаныштымын ,- деп бөлісті Данияр.
Конкурс пенитенциарлық психологтардың кәсіби деңгейін, имиджін арттыруға, мәртебесін нығайтуға, шығармашылық әлеуетін іске асыруға және сотталғандармен жұмыс істеудің үздік тәжірибелерін анықтауға бағытталған.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен мадақталды. Өз кезегінде департамент бастығының бұйрығымен Данияр Шунгульшин ақшалай сыйақымен марапатталды.