СҚО-ның бес полицейі кезекті офицерлік атаққа ие болды
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында СҚО-ның бес полицейі кезекті офицерлік атаққа ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан полицейлері мерекелік шерумен қарсы алды. Сап алдында Тәуелсіз Қазақстанның туы мен елтаңбасы бар Ту тобы салтанатты шерумен өтті. Оркестрдің үнімен тәртіп сақшылары Әнұранды орындады. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жеке құрамды басты мемлекеттік мерекелердің бірімен құттықтады.
– Ту, Елтаңба және Әнұран — біздің ортақ игілігіміз, қазақстандық патриотизмнің, Отанға деген сүйіспеншіліктің, оның тарихына, тіліне, мәдениеті мен дәстүріне деген терең құрметіміздің қайнар көзі. Әр қызметкерге үндеу жолдаймын! Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз – халқымыздың бостандығының, елдің егемендігінің, барша қазақстандықтардың тыныштығы мен сенімділігінің берік кепілі, – деді облыстың бас полицейі.
Мерекелік бұйрықпен СҚО полициясының екі қызметкері капитан, үшеуі полиция майоры атағын алды.
– Атаулы күн қарсаңында кезекті офицерлік атақ алу — толғандыратын жайт. Бұл полиция қызметкерлерінің мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік береді, – дейді полиция капитанының шенін алған Петропавл қаласы ПБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі Санжар Атажан.
Іс-шара соңында полицейлер мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, саптық қадамнан өтті және қылмысқа қарсы күресті жалғастыру, қоғамдық қауіпсіздікті қолдау және нығайту үшін қызмет атқару орындарына оралды.