Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД бастығы балаларды Білім күнімен құттықтады

СҚО полицейлері салтанатты жиындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, балаларды Білім күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

1 қыркүйек күні Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде алғашқы және бітіруші сынып оқушылары үшін салтанатты жиындар өтті. Бұл күні қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басты рөл дәстүр бойынша патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ учаскелік инспекторларға жүктелді. Құқық қорғаушылар жолдағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, балалар мен олардың ата-аналарына қауіпсіз мінез-құлық ережелерін еске салды және бірінші сынып оқушыларына сыйлықтар тарту етті.

Мерекелік іс-шараларға аға офицерлер мен бөлім басшылары қатысты. Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейіндегі салтанатты жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов сөз сөйледі. Ол оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Салтанатты шараға “Жас сақшы” сыныбының оқушылары да қатысты. Олар мінсіз келбетімен, сап түзудегі дайындығымен және патриоттық ән орындауымен жиынға ерекше көрік қосты. Айдын Қабдұлдинов болашақ офицерлерге алғыс хаттар табыстап, ІІМ “полиция сыныбы” оқушыларының белсенділігі мен жетістіктерін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Жиыннан кейін полицейлер барлық мектептерде сынып сағаттарын өткізіп, дәрістер оқыды. Офицерлер оқушыларға қазіргі заманда тіпті кіші жастағы балалар да интернеттегі қылмыстардың құрбаны болуы мүмкін екенін түсіндірді. Балаларға ешкіммен жеке деректерін және суреттерін бөліспеу, ата-аналарының банк карталарын пайдаланбау керектігін ескертті. Сондай-ақ кез келген қауіп туралы бірден әке-шешесіне хабарлап, полицияның “102” нөмірін есте сақтауды қадап айтты.

Бұдан бөлек, кіші сынып оқушыларына арнайы сыйлықтар дайындалды: жол қауіпсіздігі тақырыбына арналған суретті боямалары бар оқу құралдары мен қазақстандық полицияның патрульдік автокөліктерінің ойыншық үлгілері. Бұл жұмыстардың барлығы өскелең ұрпақты «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында тәрбиелеуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру