СҚО ПД бастығы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған қызметкерді құттықтады
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Үндістанда кикбоксингтен өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы болып оралған жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерін құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл погондағы спортшының халықаралық аренадағы жаңа жетістігі. Полиция майоры Беков – спорттың алты түрінен спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпионы. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап қызмет атқарып келеді, учаскелік инспектор болған, 2021 жылдан бастап жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа ауысты, бірнеше рет қылмыскерлерді ұстауға қатысты.
Қабдұлдинов қызметкерді жеңісімен құттықтап, Наурыз айында Венецияда өтетін әлем кубогында жақсы өнер көрсетуді тіледі. ПД бастығы спорттық жетістіктер қызметкерлер үшін жақсы мотивация ғана емес, сондай-ақ полицияның имиджін нығайтатынын атап өтті.