СҚО полицейлері 23 адамды қару ұстау рұқсатынан айырды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 23 адамды қару ұстау рұқсатынан айырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактілері бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Полицейлер күдіктілерді жануарларды атқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, сондай-ақ азаматтық қаруды және оқ-дәрілерін сақтауға рұқсатының күші жойылатынын ескертеді.
Қару пайдалануға рұқсат мерзімі үш жылға немесе соттылығы өтелгенге дейін тоқтатылады. Мұндай шара қылмыстық және әкімшілік заңнаманың бірқатар бұзушылықтары үшін қарастырылған. Бұл тізімге тоғыз қылмыстық теріс қылық кіреді, олардың ішінде ұрып-соғу, заңсыз аң аулау, есірткі заттарын пайдалану, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде көлік тізгініне отыруы және тағы басқалары кіреді. Төрт әкімшілік құқық бұзушылық жасағандардың, мәселен отбасылық жанжал жасаған адамдардың қаруға рұқсаты дереу жойылады.
– Тағы 27 әкімшілік құқық бұзушылық үшін жыл ішінде қайта жасалған жағдайда да қаруды қолдануға рұқсаты жойылады. Оған кәмелетке толмағандармен байланысты, вандализм, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, тыныштықты бұзу сияқты құқық бұзушылықтар кіреді. Қаруға рұқсат беру жоғары жаупкершілікті және қару иелерінің заңнамаларды қатаң сақтауын талап ететінін түсінген жөн, – деп хабарлайды СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
СҚО-да жыл басынан 23 адам қару сақтау құқығынан айырылған, оның төртеуі отбасылық жанжалқойлар. Қаруға рұқсаттың қолданысын тоқтатуға көбінесе қайта құқық бұзушылық жасау негіз болып жатады. Ғ. Мүсірепов ат. ауданның тұрғыны қолында тіркелген қаруы бола тұра, үйінде тіркелмеген қару сақтаған, нәтижесінде екеуінен де айырылуына тура келді. Қаруға рұқсаттың қолданысын тоқтату үшін қарастырылатын заң бұзушылықтардың толық тізімі ҚР Заңының «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» 19-бабында көрсетілген.
СҚО-да 10 айдың ішінде жеті мыңнан астам қару иесі тексерілді. Қаруды сақтау және қайта тіркеу ержелерінің 848 бұзушылығы анықталды.