СҚО полицейлері 4 күнде алимент төлемеген 9 адамды анықтады
СҚО полицейлері төрт күнде алимент төлемеген 9 адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны өз баласына алты жыл бойы алимент төлемей келген. Солтүстікқазақстандық полицейлер оның қазіргі уақытта Алматы қаласында жүргенін анықтады. Ақпарат жеке сот орындаушысына берілді. Бұл жұмыстар СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен алимент төлемеушілерді іздестіру акциясы барысында жүргізілді.
Алименттерін, әкімшілік айыппұлдарын төлемей жүрген борышкерлер жақындарымен туыстық қатынастарын жоғалтқан адамдар полицейлердің назарында болды. Акция 19 желтоқсанда басталды. Төрт күн бойы іздеуде болған 17 адам анықталды. Олардың 9-ы алимент төлемеушілер. Сондай-ақ, туыстық қатынастарын жоғалтқан – 5, қарыздарын төлемеген 3 адам анықталды. Көші-қон қызметінің айтуынша, бұл жұмыстар ұдайы негізде жүргізіледі.
– Акция шеңберінде полицияның басқа да қызметтері жұмылдырылады. Жыл басынан көші-қон қызметінің қызметкерлерімен облыс бойынша барлығы 204 іздестіру ісі тоқтатылды, оның 22-сі – туыстық қатынастарды жоғалту, 78-і – борышкерлер және 104-і – балаларына алимент төлемегендер, – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.