СҚО полицейлері 9 тіркелмеген қаруды тәркіледі
СҚО полицейлері 9 тіркелмеген қаруды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің полицейлері Привольное ауылында мемлекеттік тіркелмеген қос, тегіс ұңғылы “ИЖ” маркалы 12 калибрлі мылтығын тәркіледі. 35 жастағы ауыл тұрғыны бұл қауіпті затты күз мезгілінде, Есіл өзенінің маңында тауып алғанын мәлімдеді. Ер азаматтың айтуынша, ол тауып алған қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға асықпаған. Мылтықты полиция қызметкерлері алып, сараптамаға жіберді. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 482-бабының 1-бөлігі (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша материал жинақталып, сотқа жіберілді.
– “Құқықтық тәртіп” операциясы аясында 9 тіркелмеген қару тәркіленді. “Құқықтық тәртіптің” негізгі мақсаттарының бірі – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, дәл осы қару иелерін тексеру. Облыс тұрғындарына тіркелмеген қаруды сақтау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын, ал өз еркімен тапсыру, егер олардың әрекеттерінде басқа қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босататынын еске саламыз, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер 695 қару иесін тексерді. Тексеру тәртібін бұзғаны үшін 28 хаттама толтырылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 482-бабы бойынша заңсыз сақталған қару айналымынан 12 бірлік тәркіленді.