Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері әйелдер мен балаларды құтқарды

СҚО полицейлері қақаған аяздан әйелдер мен балаларды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстанды жайлаған сары шұнақ аяздан патрульдік полицияның жұмысы қыза түсті. Облыс жолдарында 14-16 автопатруль тәулік бойы кезекшілік атқарды. Олардың жұмысының басты мақсаты – жолдағы жағдайға мониторинг жасау және жүргізушілерге көмек көрсету болды. Полицейлер мен төтенше жағдайлар қызметінің алыс жолға шығудан бас тарту туралы ескертулеріне қарамастан, жолда келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Өткен жексенбі күні аудан орталығы Сергеевкадан Петропавл қаласынан бет алған екі отбасын құтқаруға тура келді. Сол күні ауа температурасы 34 градусқа дейін төмендеп, желде -40 градусты көрсетті. Патрульдік полицейлер жолды патрульдеу кезінде қарама-қарсы бағытта ақ түсті «ВАЗ 2110» көлігін байқайды. Көліктің жарығы көмескі көрінеді. Кері қайтып келе жатқанда, Новоникольское ауылының маңында сол көлік сынып тоқтап тұрғанын көреді. Көлікте жүргізуші, екі әйел мен бес бала болған. Оның бірі – нәресте. Жаңа жылға Сергеевкаға барған екі отбасы балаларымен қалаға қайтып келе жатқан, себебі таңертең бір отбасыға жұмысқа шығуға қажет болатын. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Николай Фоменко және Шалқар Қапезов Новоникольскоедан жүргізушіге көмек шақыртады. Ауыл тұрғыны Владимир Пушкарев полицейлердің өтінішін жерге тастамайды. Түнде тәртіп сақшылары балалар мен әйелдерді өздерінің патрульдік көлігімен «Шеп-Оңтүстік» бекетіне дейін жеткізіп, әрі қарай қалалық батальонның көлігіне отырғызады. Полицейлер оларды қажетті мекенжайларына апарып тастайды. Осылайша, құтқарылғандар сапарын сәтті аяқтады. Жүргізушінің көлігін жөндеуге көмектесіп, ол да облыс орталығына аман-есен жетті. Құтқарылғандар полицейлерге шексіз алғыстарын білдіріп, аязды күні балаларымен жолға шықпауға бел байлады.

– …Солтүстік Қазақстан полицейлері көмекекке келуге қашанда әзір, – дейді СҚО ПД ЖПҚБ патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев – дегенмен аса қажет болған жағдайда ғана жолға шығуға кеңес береміз. Қатты, оның үстіне желді аяз кез келген әккі жүргізушіге кесірін тигізуі мүмкін. Жол үстінде зардап шеккендерге қол ұшын созған ШҚ басшыларына да, техника иелеріне де зор алғыс білдіреміз…

Бұл оқиға баспасөз қызметкерлеріне, патрульдердің бейнетіркегіштеріндегі жазбаларын жүктеп жатқан кезде, кездейсоқ мәлім болды. Қысқы жол ешкімді де аямайтынын адамдардың көріп-білуі үшін бейнежазбамен бөліскіміз келді. Жыл басынан полицейлермен ондаған құтқару операциялары жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру