СҚО полицейлері ардагерлерге құрмет көрсетті
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында СҚО полицейлері ардагерлерге құрмет көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде зейнеткерлерге арналған тағылымды экскурсия ұйымдастырылды. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің жиырмаға жуық белсенді мүшесі қатысты.
Ардагер қонақтар ең алдымен департаменттің жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мұнда оларға қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне енгізілген заманауи технологиялар таныстырылды. Қазіргі таңда Петропавл қаласының көшелері мен адам көп шоғырланатын орындарға 420 бейнебақылау камерасы орнатылған. Солардың көмегімен жыл басынан бері 68 қылмыс ашылып, 4,5 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Жалпы, қала мен облыс бойынша түрлі мекемелер орнатқан 10 мыңнан астам камера тікелей орталықтың мониторларына қосылған. Ардагерлер өз үйлерінің ауласын, немерелері оқитын мектеп дәліздерін көріп, ерекше қызығушылық танытты.
Экскурсияның келесі бөлігі – СҚО ПД музейіне саяхат – қонақтардың зор ықыласына бөленді. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдарында тәртіп сақшыларына табысталған марапаттардың 80 пайызы сақтаулы. Бұл – соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызмет еткен 770-тен астам солтүстікқазақстандықтың Жеңіске қосқан сүбелі үлесінің айғағы. Музей меңгерушісі Любовь Осинская ардагерлерге сол жылдардағы батырлық пен жанқиярлық істер туралы кеңінен әңгімелеп берді. Қатысушылар ерекше бейнематериалдармен де танысып, халықаралық музей байқауында жүлделі үшінші орынды иеленген деректі фильмді тамашалады.
Полиция және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовтың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта Петропавл қаласы мен облыс аудандарындағы бастауыш ардагер ұйымдарының мүшелері үшін де өткізіледі. Оның айтуынша, Ұлы Жеңістің батырларын ұлықтап, олардың ерлігін жас ұрпақтың жадында сақтау – баршаның абыройлы парызы.