СҚО полицейлері арнайы мекемелердің қызметкерлері үшін тренинг ұйымдастырды
СҚО полицейлері арнайы мекемелердің қызметкерлері үшін тренинг ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдарында 15 арнайы мекеме жұмыс істейді. Оларға айдауыл қызметі, арнайы қабылдағыш, қабылдағыш-таратқыш және уақытша ұстау изоляторы жатады. Оларда 200-ден астам қызметкер қызмет атқарады. Күн сайын олар бас бостандығынан айыруға сотталған, қылмыс жасады деген күдіктілер мен айыпталушылармен жұмыс істейді. Мұндай жұмыс тәуекелді арттырады.
Арнайы мекемелердің қызметкерлері арнайы контингенттің заңсыз әрекеттерін тез және батыл түрде тоқтатуға, өздерін және айналасындағыларды қорғауға дайын болуы керек. СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы олар үшін арнайы дайындық бойынша оқу-әдістемелік сабақтар өткізеді.
Кезекті сабаққа облыс орталығы мен СҚО аудандарынан 50-ге жуық қызметкер қатысты. Тергеу-қамауға алынғандарды қабылдау және тінту, тыйым салынған заттардың бар-жоғын, сот отырысы залдарын тексеру, өзіне зиян келтіру әрекеті кезінде айдауылдың іс-әрекеті – ерекше және өте жауапты тақырыптар. Қызметкерлер арнайы мекемелерде төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын, ондағы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелерін зерделеді. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспектор-психологы Екатерина Буданова олар үшін ұжымдық психологиялық тренинг өткізді.
– Сонымен қатар, қызметкерлер тәжірибе алмасты, қылмыс жасады деген күдікке ілінгендер мен айыпталушыларды айдауылмен алып жүру кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады, қойылған міндеттерді шешу жолдарын анықтады. Арнайы мекемелердің бөлімшелерінде жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті талап етеді, олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру — құқықтық тәртіпті сақтаудың негізгі аспектілерінің бірі, — дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ринат Альчинбаев.