СҚО полицейлері аса ірі көлемде жасалған астық ұрлығын ашты
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының полицейлері 80 тоннадан астам астықты ұрлаудың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл оқиға желтоқсанның 12-нен 13-не қараған түні «Шатило и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің («Атамекен-Агро» ЖШС-ның еншілес компаниясы) астық қабылдау пунктінде орын алды. Полицейлер түнде Преснов астық қабылдау пунктінде тіркемелеріне астық тиелгелі жатқан габарит шамдары сөніп тұрған сегіз «КамАЗ» автокөлігін анықтады. Астық өнімін ұрлауда күдікті сол кәсіпорын басшыларының бірі ұсталды. Күдікті ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша қамауда ұстау изоляторына тоғытылды. Барлық өнім алынып, иелеріне қайтарылды. Барлық тиісті құжаттар алынды.
Жамбыл ауданының ПБ қызметкерлері аса ірі мөлшерде астық ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Келтірілген шығын сомасы 23 миллион теңгеден астам. Қазіргі таңда басқа да жұмысшылардың қатыстылығы тексерілуде.
Тергеу анықтағандай, жаңа астық өнімінің бірінші партиясы желтоқсан айының басында ұрланған. 190 тоннадан астам астық Ақмола облысындағы элеваторға тасымалданған.
– Тергеу әрекеттері барысында ұрланған өнімді сату орны анықталды. Күдіктінің үйінен конверттерге салынған ақшалай қаражат алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген «КамАЗ» автокөліктері мен құжаттама да тексерілуде, – дейді Жамбыл ауданының ПБ бастығы Асан Мейрамов.
Аталған қылмысты тергеу барысы СҚО ПД бастығы мен облыстық прокуратураның бақылауында.