СҚО полицейлері ауыл тұрғынынан 16 патрон тауып алды
СҚО полицейлері ауыл тұрғынынан 16 патрон тауып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеген полиция қызметкерлері Жамбыл ауданында оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісін анықтады.
61 жастағы ер адам бұрын аңшы болған. 2012 жылы бұл ісін доғарып, 12-калибрлі мылтығын полицияға тапсырған. Алайда өзінде 16 патронды қалдырып, оларды заңсыз сақтап келген. Бұл әрекеті қоғамға қауіпті болуы мүмкін екенін ойламаған. Патрондар оқыс оқиғаға алып келуі не болмаса қылмыскерлердің қолына түсуі мүмкін еді.
Аталған фактіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша материал жиналды.
– 16 қазан күні басталған іс-шараның алғашқы күнінде облыста 27 бірлік оқ-дәрі, 1 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Сондай-ақ иесіз қалған 270-тен астам үй, 58 саяжай учаскесі, 132 жалдамалы пәтер, 700-ден астам есепте тұрған тұлға, 68 қолайсыз отбасы және отбасыларында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қорғау ұйғарымы жазылып берілген 97 адам тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерілді. Бұдан бөлек, жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.