СҚО полицейлері автобустарды заңсыз қайта жабдықтаудың 15 фактісін анықтады
СҚО полицейлері бір апта ішінде автобустарды заңсыз қайта жабдықтаудың 15 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полицейлері 5-11 желтоқсан аралығында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ол қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Күшейтілген тексерулер барысында заңсыз қайта жабдықтаудың 15 фактісі анықталды. Тәртіп сақшылары атап өткендей, көбінесе жүргізушілер көліктеріне газ қондырғысын, қосымша орындықтар мен жарық құралдарын орнатады.
– Көлікті қайта жабдықтау тиісті тексеруден кейін жүргізілуі қажет екенін түсіну керек, қауіпсіздік хаттамасын алу керек. Газ қондырғысын әлдебіреулердің қолдан орнатып алуы өмір үшін қауіпті. Бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Жарық құрылғылары белгілі бір стандарттарға сәйкес болуы қажет және қозғалыстың басқа қатысушыларының көздерін шағылыстырмауы керек. Қоғамдық және жеке көліктердің барлық иелерінен заңнама талаптарын сақтауды сұраймыз, – деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Іс-шара өткен уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан барлығы түрлі 697 бұзушылық анықталды. Ең жиі жасалғаны – маневр жасау ережелерін бұзу, бұндай 151 факті анықталды. 68 жүргізуші жолаушылар тасымалдау кезінде телефонмен сөйлескені үшін жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 42 жүргізуші техникалық тексеруден өтпеген көлікті басқарған. Іс-шараның қорытындысы бойынша бір автобусты пайдалануға тыйым салынды. Автобус парктерінің екі лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.