СҚО полицейлері байланыссыз алаяқтықтың жаңа түрлері мен қауіпті сайттар туралы айтты
СҚО полицейлері байланыссыз алаяқтықтың жаңа түрлері мен қауіпті сайттар туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтық тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қарқын алуда. Әлеуметтік желілер, жарнамалық сайттар, мессенджерлердегі күдікті сілтемелер, алаяқтардың қоңыраулары – күн сайын ақшаны алудың жаңа сценарийлерін ойлап тауып, заманауи технологиялардың барлық әлеуетін белсенді пайдаланады. Өз кезегінде, СҚО Полиция департаментінің қызметкерлері байланыссыз алаяқтықтың алдын алуды белсенді жүргізуде. Криминалдық полиция басқармасының басшылығы онлайн-брифингке қатысып, оның барысында пайдаланушыларға жеке ақпаратты таратпаудың маңыздылығы туралы ақпарат берді.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, 8 айда облыста тіркелген алаяқтықтың 474 фактісі – интернет-алаяқтық. 188 фактіде күдіктілер Қазақстаннан тыс жерде болған. 286 жағдайда – еліміздің басқа өңірлерінде отырып, ойларын іске асырған. Жалпы, ел аумағында 8 айда интернет-алаяқтықтың 13 мың 351 фактісі тіркелген.
Біздің облыстың тұрғындары арасында желілік алаяқтықтың ең көп таралған түрлері – бұл хабарландыру сайттарындағы тауарларға тапсырыс беру, сондай-ақ банктердің жалған қызметкерлерінің қоңырау шалуы. Көбінесе солтүстікқазақстандықтарды OLX, Kolesa.kz, Instagram және WhatsApp-та алдайды екен. Сондай-ақ, адамдардың банктік қосымшаларындағы парольдары мен логиндарын қолға түсіру үшін алаяқтар өздері жасаған ұқсас сайттарды пайдаланады.
Жедел уәкілдер айтқандай, қылмыстың бұл түріне қарсы тұруда халық арасында алдын-алу жұмыстарын жүргізу маңызды болып отыр. Волонтерлердің қатысуымен полиция қызметкерлері жадынамалар мен плакаттарды тарату және жапсыру бойынша тұрақты түрде акциялар өткізеді, адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте, әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен посттар орналастырады. Айта кету қажет, облыстық криминалдық полиция Instagram желісінде аккаунт ашып, алаяқтыққа қарсы күресті белсенді жүргізіп келеді. Бұндай аккаунт қалалық полицияда да бар. Интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу барысында 877 хабарландыру тексерілді, оның 76-сы сайт әкімшілерінің көмегімен фейк хабарландыру ретінде бұғатталды. Сондай-ақ, жыл басынан 88 600-ден астам стационарлық телефонның абоненттеріне интернет желісіндегі алаяқтық туралы қоңырау шалынды.
Тәжірибе көрсеткендей, жеке деректерді сақтаған өте маңызды. Құжаттарды, әсіресе парольдарды, түбіртектерді жібермеу керек, терминалдардың чектерін жинамаған абзал. Өйткені оларда қылмыстық мақсатта қолдануға болатын мәліметтер бар. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың дамуымен әр адам интернеттегі алаяқтыққа тап болуы мүмкін, сондықтан айлакерлердің әдістері туралы білген жөн. Егер сіз желіде қылмыскерлердің құрбаны болсаңыз, дереу полицияға жүгініңіз.