СҚО полицейлері бейнекамералардың көмегімен көлікті айдап әкеткен күдіктілерді анықтады
СҚО полицейлері бейнекамералардың көмегімен көлікті айдап әкеткен күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұзушылықтарды автоматты тіркейтін бейнебақылау жүйелері – жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылаудағы тиімді құрал. Автоматты жүйе жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жол үстінде жүргізушілердің тәртібін арттыруға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан облысында 16 қарашадан бастап интеллектуалдық бейнежүйе іске қосылды. Алғашқы күннен-ақ жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Бұның көмегімен көлік айдап әкету фактісі жылдам ашылды.
Аудан орталығы Бескөл ауылының тұрғыны түс кезінде көпқабатты үйдің ауласынан өзінің Audi-80 автокөлігі жоғалғаны туралы полицияға арызданған. Ол көліктің кілтін көлік салонында ұмытып кеткен екен. Көп ұзамай автоматты бейнекамералар жоғалған көліктің Петропавл көшелерінде жүргенін байқады. Көліктің жүріп өткен жолын анықтаған ауысым кезекшілерінің және патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің кәсіби әрекеттері нәтижесінде көлік қала супермаркеттерінің бірінің жанында тоқтаған кезде күдіктілер ұсталды.
Күдіктілер 35 жастағы бескөлдік және оның облыс орталығында тұратын 22 жастағы туысы болып шықты. Екеуі де алкогольдік масаң күйде болған және оларда жүргізуші куәлігі болмаған. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша енгізілді.
– Бүгінде СҚО аумағында Жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын автоматты тіркейтін 35 бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдауды ескере отыра, автоматты жүйелер көше-жол желісіндегі апатты-қауіпті аймақтарда орнатылды. Кешендер жылдамдық режимінің, көше қиылыстарынан өту ережелерінің бұзушылықтарын анықтауға бағытталған. 11 айда Жол жүрісі қағидаларының 6 мыңнан астам түрлі бұзушылықтары анықталды, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.