СҚО полицейлері бір апта ішінде тұрғындардан 18 атыс қаруын тәркіледі
СҚО полицейлері бір апта ішінде тұрғындардан 18 атыс қаруын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер 56 жастағы Петропавл тұрғынының жеке үйінен тіркелмеген ТОЗ-16 мылтығы мен 29 патрон, гильзалар, патронташ пен қақшықты тапты. Қала тұрғынының айтуынша, бұл заттардың бәрі оған әкесінен мұра болып қалған. Дәл осындай оқиғаны ИЖ-17 мылтығы тәркіленген Тимирязев ауданының тұрғыны да тәртіп сақшыларына айтып берді.
Полицейлер еске салады: туыстарынан қалған қаруды міндетті түрде жаңа иесі тіркеуі немесе комиссиялық сатуға беруі керек. Шешім қабылданғанға дейін оны полицияға сақтау үшін тапсыру керек.
Қаруды тапқан жағдайда да дереу полицияға хабарлау керек. Бұл туралы Ақжар ауданының тұрғыны ойлаған жоқ, оның сарайынан полиция қызметкерлері ИЖ-18 мылтығын тауып алды. Ер адамның айтуынша, өткен күзде ол Кіші-Қараой көлінің жанындағы қамыстан қару тапқан. Мамлют ауданының тұрғынынан да қару алынды. Оның гаражынан ИЖ-17 мылтығы тәркіленді. Айтуынша, ол қаруды орманнан тауып алған екен.
– Бұл фактілердің барлығы облыста 5 сәуірден бастап өткен «Қару » жедел алдын алу іс-шарасының бір күнінде анықталды. Мақсат – халықтың қолында қылмыс жасау үшін пайдаланылуы мүмкін тіркелмеген қаруды алу. Барлығы 7 күн ішінде облыс тұрғындарынан 18 бірлік тіркелмеген атыс қаруы, оның ішінде екі шолақ мылтық мен тапанша тәркіленді. Барлық фактілер бойынша сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процестік шешімдер қабылданатын болады, – деді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.