СҚО полицейлері бұрын жасалған 751 қылмыстың бетін ашты
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бұрын жасалған 751 қылмыстың бетін ашты, – жеп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын жасалған қылмыстарды ашу – криминалдық полиция қызметкерлері жұмысының маңызды бөлігі. Бұл санатқа жасалғаннан кейін бірден ашу мүмкін болмаған фактілер жатады.
Мәселен, Шал ақын ауданындағы ауылдардың біріндегі дүкенде жасалған ұрлық «ізін суытпай» ашылмады. 30 шілде күні сатушы жұмысқа келген соң, дүкенге бұзып кірудің іздерін байқайды. Дүкеннен ақша және 300 мыңнан астам теңгеге түрлі тауарлар қолды болған. Бұрын мүліктік қылмыстарды жасаған тұлғаларды тексеру кезінде полицейлер бір үйдің ауласында ашылмаған шұлық бумасын байқайды. Ол ұрланған заттардың тізімінде болған екен. Күдік туғызған бұрын сотты болған ауылдық үйде болмаған. 2 тамыз күні жедел-іздестіру іс-шаралары кешені нәтижесінде күдікті, 1971 жылы туған аудан тұрғыны ұсталды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттың басым бөлігі алынды. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
Шал ақын ауданы полиция бөлімінің бастығы Руслан Мұхамбетжановтың сөзінше, аталған ұрлық елді мекендердегі дүкен иелеріне сабақ болуы тиіс. Объектіні техникалық нығайту бойынша ешқандай шаралар қолданбаған. Күзет пен бейнебақылау болмаған, тіпті дабыл да орнатылмаған. Немқұрайлылықпен қарау қаскөйлердің арам ойларын іске асыруына жағдай жасайды.
– Бұл ретте техникалық нығайту шараларының ішінде бейнебақылау жүйесін атап өтуге болады. Оның қылмыстардың «ізін суытпай» ашуда зор көмегі бар, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев. – Бұрын жасалған бірде-бір қылмыс назарымыздан тыс қалған емес. Оларды ашу бойынша жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде. Ауыр және аса ауыр қылмыстар басшылықтың ерекше бақылауында.
СҚО полицейлері жеті айдың ішінде бұрын жасалған 751 қылмысты ашты. Олардың 242-сі «өткен жылдар» санатындағы қылмыстар.