СҚО полицейлері диқаншыларға ұрланған мүліктерін қайтаруда
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері диқаншыларға ұрланған мүліктерін қайтаруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы шаруа қожалықтың иесі оған тиесілі 30 мың теңге тұратын швеллер, подшипник және басқа да металл өнімдерін металл қабылдайтын пунктердің бірінен кездейсоқ тауып алғаны жайлы айтып, уческелік полиция инспекторына жүгінеді. Жедел уәкілдер күдіктілерді анықтады, олар шаруашылыққа жұмыс істейтін 1998, 1999 жылдары туған екі жұмысшы болып шықты. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты міндетті келу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.
– Ауылшаруашылық кәсіпорындарында ұрлықты көбіне бұрын жұмыс істеп кеткендер немесе жұмыс істеп жүргендер жасайды, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Мысалы, өткен аптада Шал ақын ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 27 жастағы Қостанай облысының және 23 жастағы Теміртау қаласының тұрғындарын ұстады. Олар аудандағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде ангар құрылысында жұмыс істеп жүріп, барлығы 1 миллион теңгеден асатын 700 метрден аса алюминий кабелін, автомобиль серіппегішін, дән атқыш редукторларын ұрлады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы металл қабылдайтын пунктердің бірінен ұрланған мүлікті алу рәсімдері жүргізілуде. Соңында табылған мүлікиесіне қайтарылады.
Сонымен қатар, Руслан Назаров учаскелік полиция инспекторлары да орындарда кәсіпорынды техникалық жағынан нығайту жөнінде ЖШС мен шаруа қожалықтарының басшыларымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.
Диқаншылардың мүлкін сақтау, яғни ауылшаруашылығы кәсіпорнына орналасқан ауыл тұрғындарының мүдделерін қорғау құқық қорғау органдары жұмысының басымды бағыттарының бірі болып қала бермек.