СҚО полицейлері есепте тұрған қолайсыз отбасыларды тексеріп жатыр
СҚО полицейлері «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Аталмыш шара аясында Петропавлда полицейлер маскүнем ата-ананың балаларын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша жеткізуге мәжбүр болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық полиция басқармасының алаңында прокуратура, білім бөлімінің, волонтерлар және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Олардың барлығы «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өткен түнгі рейдке қатысты.
Басты назарда – тұрмысы қолайсыз отбасылар мен полицияда есепте тұрған жасөспірімдер. Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс жүруінің 4 фактісі және ата-ана міндеттерін орындамаудың 2 фактісі анықталды.
Есепте тұрған отбасылардың бірінде тазалық мүлдем сақталмайды. Үй иелері дезинсекциялық жұмыстар жүргізгенін айтып ақталды, бірақ шыбын мен тарақандар әлі де бар. Бұл отбасыға үй ішін ретке келтіруге бір апта уақыт берілді.
Ал басқа үйге тәртіп сақшылары келгенде ерлі-зайыптылар мен осы үйге келген қонақ әйел ішімдік ішіп отырған. Сыртқы есік те, ауладағы есік те жабылмаған. Ересектер медициналық куәландыруға жеткізілгендіктен, 14 жастағы ұл мен 9 жастағы қызды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша жеткізуге тура келді. Олардың ата-аналары «орташа дәрежедегі» масаң күйде болғаны белгілі болды.
– Бұған дейін осы жылдың ішінде ерлі-зайыптылар осындай құқық бұзушылыққа жол берген. Оларға бұның соңы немен аяқталатыны жайлы айтылып, бірталай ескертулер берілді. Енді қайталап материал жиналады, бұл жолы олардың ісі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралады. Осындай жұмыстардың мақсаты – есепте тұрған отбасыларда моральдық ахуалды жақсарту, балалардың құқықтарын қорғау. Өйткені балалар жақсы жағдайда дамып, өмір сүруге құқылы, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.