СҚО полицейлері есінен танып қалған жалғызбасты зейнеткерге көмектесті
СҚО полицейлері есінен танып қалған жалғызбасты зейнеткерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мейрам күндері полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жеке құрам құқықтық тәртіпті сақтау үшін патрульдеуге жұмылдырылды. 22 наурыз сағат 21:00-де аудан орталығы Мамлюткада аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Нұрлыбек Оспанов пен Елубай Ділдабаев патрульдеу барысында жалғыз тұратын 85 жастағы зейнеткердің есігі ашық тұрғанына, сонымен қатар мұржадан түтіннің шықпағанына көзі түседі.
Полицейлер шұғыл үйді тексереді. Олар уақытылы барған. Тәртіп сақшылары қарияның еденде жатқанын көреді. Ер адам өзін жайсыз сезініп, құлап қалған. Бетін жарақаттап, есінен танған. Полицейлер оның есін жиғызып, жедел жәрдем шақырған.
Кейін барлық электр құрылғыларын тоқ көзінен ажыратып, үйді жауып, болған жағдай жайлы хабарлау үшін зейнеткердің туыстарын іздестіреді. Ауруханада тексергеннен кейін егде жастағы тұрғын үйіне жіберілді, қазір оны туыстары қамқорлығына алған.
– Облыс тұрғындары көктемгі мерекені тыныш қарсы алу үшін полицияның кешенді күштерінің құрамына барлық бөліністердің қызметкерлері жұмылдырылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекше бақылауда. Есепте тұрған адамдар тексерілді. Мамлют ауданында тұратын жалғызбасты қарияларға көңіл бөлінуде, олардың саны ауданда 179 және қолдауға мұқтаж басқа да санаттағы адамдардар да полицияның ерекше назарында, – дейді ауданның ПБ бастығы Пётр Климов.