СҚО полицейлері иесі білмеген мал ұрлығын ашты
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері иесі білмеген мал ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үй жануарларын қоршалған аумаққа шығарып жүрген Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғыны бір қозысының жоғын байқаған. Алайда ер адам полицияға жүгінбеген. Ол қозының қоршау арасындағы саңылаудан шығып кетіп, жоғалды деп ойлаған. Шындығында ұсақ төл жоғалған және жергілікті тұрғынға сатылған. Бұл фактіні аудандық ПБ жедел уәкілдері анықтаған. Олар мереке күндері күшейтілген қызмет атқару барысында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп тексеріс жүргізген. Полицияға жасалған мал ұрлығы туралы ақпарат келіп түскен, тексеріс барысында ол расталған. Күдікті ұсталды, жәбірленушінің 33 жастағы ауылдасы болып шықты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Күдікті жәбірленушіге үй шаруасына көмектесіп тұрғанын атап өткен жөн, – деп тоқтала кетті СҚО Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев. – Ауылды жерде осындай қылмыстың мұндай сценарийі жиі кездеседі, ұрлықты үй-жайды жақсы білетін адамдар жасап жатады. Мал иелерін мүліктің сақтығына қатысты шара қабылдау туралы ескертеміз. Жалпы облыста жыл басынан алты мал ұрлығы тіркелген, барлығы ашылды.