СҚО полицейлері колледждердің басшылығымен жасөспірімдер арасындағы қылмысты талқылады
СҚО полицейлері колледждердің басшылығымен жасөспірімдер арасындағы қылмысты талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер қылмысының проблемалары және оның алдын алу тәсілдері солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері шақырылған жұмыс кездесуінің тақырыбы болды. Кездесу облыстық әкімдік құрамындағы білім басқармасының бастамасымен өткізілді. Оған директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуметтік ұстаздары қатысты.
Өткен жылы өңірдегі жасөспірімдер 39 қылмыс жасады, оның 17-сі – колледж студенті. Әкімдік өкілі Бауыржан Зейнуллиннің айтуынша, бейімделу кезеңінде колледждердегі бірінші курс студенттерінің барлығы автоматты түрде коллед есебіне қойылады. Девиантты және аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім жастар тәуекел тобына кіреді. Бүгінде олардың саны – 242. Петропавл қаласының полиция басқармасында 20 адам есепте тұр.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жай-күйі туралы толығырақ тәртіп сақшылары айтып берді. Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы Динара Мұқанова ұстаздарды жатақханалардағы студенттерге бақылауды күшейтуге, полиция қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып алкогольді ішу фактілерінің жолын кесуге, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға шақырды. Бұдан бөлек, полиция қызметкері колледж оқушылары жасаған қылмыстарды тізбектеп көрсетіп, салдарына тоқталды. Олар негізінен мүліктік сипатқа ие. Ең жиі кездесетіні — ұрлық, 2023 жылы мұндай 5 факті тіркелді. Сондай-ақ қорқытып алудың 2 дерегі және 2 алаяқтық тіркелді.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Милена Балацкая жасөспірімдерді кибералаяқтыққа тарту туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Егер студенттер алданған адамның ақшасын өздерінің банк карталары арқылы өткізсе, кейін келтірілген шығынды өтеуі мүмкін. Жедел уәкіл осы және осыған ұқсас қылмыстың салдары қандай болатынын айтты. Полиция қызметкері студентерге осы қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы үнемі еске салып отыруды ұсынды.
Жеңіл жолмен ақша табудың қаупі жайлы СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Зарина Попова да ескертті. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста есірткі таратқаны, сақтағаны, жарнамалағаны және насихаттағаны үшін 15 оқушы мен студент сотталған, оның 12-сі бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Осы кезеңде 17 мен 25 жас аралығындағы сотталған жастардың жалпы саны – 150-ден астам.
Полицейлердің айтуынша, білім ошақтарының қызметкерлерімен осындай сипатта өзара іс-қимыл жасасу жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.