СҚО полицейлері он күнде 31 мас жүргізушіні ұстады
СҚО полицейлері он күнде 31 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жылдың соңғы күндерінде СҚО полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға күш салуда. 16 желтоқсаннан бастап облыста «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Күшейтілген рейдтер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтауға бағытталған. Күн сайын орта есеппен облыс жолдарында полицейлер 3 мас жүргізушіні анықтайды.
10 күн ішінде осындай 31 факт тіркелді. Тәртіп сақшылары еске салады: ішімдікті ішкеннен кейін көлік жүргізу — өрескел бұзушылық, ол үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға басқару құқығынан айыру қарастырылған.
– Жүргізіліп жатқан жұмыстың түпкі мақсаты — мас күйінде басқару фактілерін жою. Мас жүргізуші жол жағдайындағы өзгерістерге тез және нақты жауап бере алмайды. Ол – ықтимал қылмыскер. 11 айда облыста мас автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен 26 ЖКО орын алып, 6 адам қаза тапса, 27 адам жарақат алды, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Сондай-ақ ЖПІШ кезінде полицейлер жылдамдықты асырғаны үшін 137 жүргізушіні, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 51 жүргізушіні, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне жүргені 25 жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Барлығы 2 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды.