СҚО полицейлері Польша тұрғынына отбасылық тарихын қалпына келтіруге көмектесті
СҚО ПД арнайы мұрағатында 1930-1950 жылдар аралығында заңсыз сотталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық іс және бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға қатысты материалдар сақталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың ұрпақтары енді мәліметтер алу үшін Полиция департаментінің арнайы мұрағатына жүгіне алады.
Польша тұрғыны екі жыл ішінде Полиция департаментінің арнайы мұрағатына үш сұрау салу жолдаған. Бұрынғы отандасымыз, этникалық неміс Лилия Нель өз әулетінің тарихын қалпына келтірумен айналысып жатыр.
1936-1937 жылдары оның жеті бірдей туысы қуғын-сүргінге ұшыраған.
– Отбасымыздың өткенін зерделеуге кіріскен Мәскеуде тұратын жиеніме көмектесіп жатырмын. Өзімде де қуғын-сүргін жылдары туралы айтарлықтай материал жинастырылған. Әкемнің де, анамның жағынан да зардап шеккендер бар. Қазақстандық заңнамаға сәйкес танысуға болатын барлық мәліметтерді жіберіп, материалдарды сұрыптау бойынша ауқымды жұмыс жүргізген мұрағат қызметкерлеріне зор ризашылығымды білдіремін, – деді Лилия Александровна.
СҚО ПД арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы Эльмира Валиулина қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарына процессуалдық емес сипаттағы материалдар ұсынылатынын еске салады. Олар басқа да құжаттар мен мұрағаттық анықтамалардың, сондай-ақ істе бар болған жағдайда, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке құжаттарының көшірмелерін ала алады. Арнайы мұрағатқа жүгіну тәртібі туралы барлық сұрақтар бойынша Петропавл қаласында (8-715-2) 39-41-58, 39-41-40 телефондары арқылы кеңес алуға болады.
Соңғы алты жыл ішінде тәртіп сақшылары 215 адамның отбасылық тарихын қалпына келтіруге көмегін тигізген.