Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері қызметтік іссапар кезінде интернет-алаяқтықта күдіктілерді анықтады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері қызметтік іссапар кезінде интернет-алаяқтықта күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тамыздың 18-і мен 20-сы аралығында СҚО полицейлері “Anti-fraud” республикалық жедел-профилатикалық іс-шарасының режимінде жұмыс істеді. Жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – IT-технологиялар көмегімен жасалатын алаяқтықты ашу және болдырмау. Басты назарға бұрын жасалған қылмыстар да алынды.

Көп жағдайда интернет-алаяқтардың құрығына тегін хабарландырулар сервистерінде тауар іздейтін сатып алушылар түсіп жатады. Дегенмен, сатушы да алданып қалуы мүмкін. Мамыр айында Петропавлдың 22 жастағы тұрғыны ұялы телефон сатылатыны жөнінде хабарландыру орналастырған. Оған сатып алушы хабарласып, ақшаны картаға аударып жіберетіні туралы айтқан. Бойжеткен “WhatsApp” мессенджері арқылы қаскөйге карточкасының екі жақтан түсірілген фотосын жібереді, осыдан кейін “сатып алушымен” байланыс үзіліп, карточкасынан 30 мың теңге қолды болған. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша енгізілді. “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Криминалдық полиция қызметкерлері және олардың қалалық бөліністегі әріптестері күдіктіні анықтады. Ол 1998 жылы туған Тараз қ. тұрғыны болып шықты. Күдіктіні солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер қызметтік іссапар кезінде анықтады. Ол жәбірленушінің ақшасын ешқайда аудармаған, тек интернет-дүкендерде сатып алынған тауарларға төлем жасап, спорттық іс-шараларға ұтыс тіккен.

– Банк картасының артқы жағындағы CVV-код шотқа қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Жеке және қаржылық құжаттардың суреттерін басқа біреумен бөлісуге мүлдем болмайды, сондықтан жеке куәліктерді немесе басқа жеке құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіздер. Интернет біздің өмірімізге барынша еніп отыр, технологияның өсуіне байланысты, бұл саладағы қылмыста сөзсіз өседі. Сондықтан, СҚО ПД-да жыл басынан бері тек киберқылмыскерлерді ашуға бағытталған мамандандырылған жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Интернет арқылы сауда жасағанда және веб-кеңістік арқылы қарым-қатынас жасағанда қырағылық таныту керек. Сіз қарапайым тәртіпке негізделген Интернеттегі қауіпсіздік мәселелерін зерделеуіңіз керек: жеке және қаржылық мәліметтеріңізді ешкімге жарияламаңыз, күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Павлодар қаласында наурыз айында Петропавл тұрғындарының бірінен алаяқтық жолмен 20 мың теңге алды деген күдікпен 29 жастағы әйелді анықтады. Іс-шара өткен үш күнде тәртіп сақшылары бұрын жасалған барлығы 11 қылмысты ашты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру