СҚО полицейлері ресейлік әріптестерімен қылмысқа қарсы күрестегі шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
СҚО полицейлері ресейлік әріптестерімен қылмысқа қарсы күрестегі шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Ресей Федерациясындағы әріптестермен онлайн-кездесу өтті. Шекаралас үш аймақтың полиция ведомстволарының басшылары мен Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығы телекөпірде көлік құралдарына қылмыстық қол сұғушылық және есірткі қылмысына қарсы тұру мәселелерін талқылады.
– Бұл ынтымақтастық форматы – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімді алаңы, екіжақты форматта қызметті жетілдірудің маңызды құралы. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс туралы ақпарат алмасудың тиімділігі артты, қылмыскерлерді іздеу және қызметтің басқа да бағыттары бойынша жұмыс айтарлықтай жанданды, – деді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, биыл Солтүстік Қазақстан облысында автокөліктерді айдап әкету мен ұрлау саны айтарлықтай төмендеген. Дәл осындай оң үрдіс Ресей Федерациясының Қорған, Омбы және Түмен облыстарында байқалады. Осыған қарамастан, полицейлер қылмыстың бұл түрлеріне қарсы тұруға жұмысты ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұл ретте, кездесуге қатысушылар қылмыстың ашылуына ықпал ететін ақпараттың жедел алмасуына жағдай жасау қажет екенін атап өтті. Солтүстік Қазақстан облысында биыл полицейлер Ресей Федерациясында ұрланған 6 автокөлікті тәркіледі. Барлық ақпарат іздестіруге бастамашылық жасағандарға берілді. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық жедел қызметкерлер жедел іс-шаралар шеңберінде техникалық қызмет көрсету станциялары, авто-талдау орындары, жеке автокөлік жөндеу шеберханалары, гараж кооперативтері мен автотұрақтар үнемі тексерілетінін атап өтті.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің басшылары өңірлердегі есірткінің жағдайы туралы айтты. Солтүстік Қазақстан облысында биыл 159 есірткі қылмысы анықталды, 300 келіден астам есірткі тәркіленді, 6 есірткі зертханасының, оның ішінде 3 синтетикалық есірткі өндірірумен айналысқан орынның жолы кесілді. Ресейлік әріптестермен жүргізілген ынтымақтастық Жамбыл ауданында есірткі зертханасын анықтауға септігін тигізді, Миролюбово ауылында ақпан айында ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Ауыл тұрғыны синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, оны облыс орталығының аумағына таратумен айналысқан. Екі келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Интернет-алаңдарын пайдалану арқылы есірткі тарату полиция қызметкерлерін ерекше алаңдатады. Солтүстік Қазақстан облысында биыл есірткі жарнамалайтын 23 сайт анықталды.
Кездесу соңында қатысушылар шекаралас өңірлердің аумағында қылмыстық қол сұғушылықтардың жолын кесу бойынша тиімді жұмысқа ықпал ететін шараларды белгіледі.