СҚО полицейлері шымкенттік жүргізушіге жол жиегіне түсіп кеткен екі тонна жүкті тиеуге көмектесті
СҚО полицейлері шымкенттік жүргізушіге жол жиегіне түсіп кеткен екі тонна жүкті тиеуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 желтоқсан күні таңертең Renault жүк көлігінің жүргізушісі Шымкент қаласынан Ресей Федерациясына бара жатқан. Тіркемеде салмағы екі тонна болатын металл құрылғыны тасымалдаған. Ол Мамлютка-Қостанай автожолының 93 шақырымында, Жамбыл ауданындағы Новорыбинка ауылына бұрылыстан 4 шақырым жерде көлік тізгініне ие бола алмай, көліктің «KOGEL» тіркемесі жолдан шығып кетіп, іштегі құрылғы тіркемеден далаға түсіп қалған.
Жол шетінде тұрған көлікті СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Мәлік Жақыпов пен Самат Данияров байқайды. Олар аудан орталығы Пресновка селосының тұрғыны Алексей Рогозинді тауып, көмек көрсетуді өтінген. Ауыл тұрғыны бірден «Урал» автокранын оталдырып, оқиға болған жерге келіп, көлікті тіркемесімен бірге жол үстіне шығарды. Түсіп қалған құрылғы көлікке тиелді. Полицейлер бұл уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Шымкенттік тұрғын көмектескендерге алғысын айтып, сапарын жалғастырды.
– Жыл сайын әр қыс мезгілінде кәсіпорындардың жетекшілері мен қарапайым тұрғындар полиция қызметкерлерінің көмек көрсету туралы өтініштерін жерге қалдырмай, техникаларын ұсынады. Өңірдің климатына әбден үйренген солтүстікқазақстандықтар жолдағы көмектің қаншалықты қажет екенін жақсы біледі. Жолға шығар алдында көліктің еш ақаусыз істеп тұрғанын тексеріп алу қажет. Жуырда жанар-жағармайы таусылып қалған жүргізушіге де көмек көрсетілді. Полицейлер трассадағы кезекшілікті уақытша тоқтатып, жүргізушіні жақын жердегі жанар-жағармай құю станциясына жеткізді. Қысқы уақытта жолдарда сақ болып, жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.