СҚО полицейлері тонауға қатысы бар күдіктіні қолға түсірді
СҚО полицейлері тонауға қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД жедел уәкілдері екі ай бойы тәртіп сақшыларынан жасырынып жүрген тонауға қатысы бар күдіктіні ұстады. 19 мамыр түнде екі қаскөй Петропавл қаласының орталығында адамға шабуыл жасап, 100 мың теңгеге жуық ақшасын тартып алған. Күдіктілердің бірі 20 жастағы қала тұрғыны «ізі суымай» ұсталды. Екіншісі бұрын бұзақылық үшін сотталған 28 жастағы Бескөл ауылының тұрғыны қаладан кетіп үлгерген, оған іздеу жарияланды. Жедел ақпарат бойынша, ол Алматы қаласында жасырынған, кейін Петропавлға оралған. Жасырынудың түрлі жолдарын ойластырып, таныстарының құжаттарына ресімделген жалдамалы пәтерлерде тұрып жүрген. Алайда қулығы іске аспады. Криминалдық полиция қызметкерлері оны аңдып, 20 шілдеде қолға түсірді. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
– Күдікті «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен кезеңде ұсталды», — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев. — ЖПІШ өткен уақытта іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды. Жыл басынан облыс полицейлері қылмыс жасауда күдікті 18 адамның жүрген жерін анықтады.