СҚО полицейлері тұрғынды 6 млн теңге шығыннан құтқарды
СҚО полицейлері тұрғынды 6 млн теңге шығыннан құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамлют ауданының полиция бөліміне аудан орталығының 43 жастағы тұрғыны жүгініп, әлдебіреудің “банктен хабарласып тұрмын” деген қоңырауына сеніп қалғанын айтқан. Тұтқаның арғы жағындағы бейтаныс адам тұрғынның атына біреулер несие ресімдегелі жатқанын хабарлаған. Санаулы минуттардан кейін полицей формасын киген жалған қызметкер видеоқоңыраумен хабарласқан. Ештеңеден күдіктенбеген тұрғын телефонына бейтаныс қосымшаны жүктеп алған жағдайда осы проблеманы шешіп берем деп уәде еткен.
Белгілі болғандай, бұл құрылғы қашықтықтан басқаратын HopToDesk қосымшасы болып шыққан. Ер адам бұл қосымшаны орнатып, алаяқтарға телефонын емін-еркін басқаруға жол берген. Алаяқтар оның телефоны арқылы түрлі банктерде несие ресімдей бастаған. Алынған несиенің жалпы соммасы 6 миллион теңгені құрады.
Аудан тұрғыны бірден полицияға жүгінді. Қуанышқа орай, ер адамның атынан несие ресімдеуге жасалған тапсырыстар мақұлданбады. Бұған дейін полицейлердің кеңесі бойынша E-gov mobile қосымшасы арқылы несие ресімдеу мүмкіндігін бұғаттағаны есіне түсті.
– Бұл – интернет-алаяқтардан қорғанудың сенімді құралдарының бірі.
Біздің қызметкерлер мүдделі органдармен бірлесіп, үй-үйді аралау кезінде аудан тұрғындарына несие алуды бұғаттаудың осындай мүмкіндігі бар екенін айтады. Азаматтардан “банктен” келіп түскен қоңырауларға сенбеулерін және бөгде үшінші тұлғалардың қысымымен ешқашан қаржылық операцияларды жасамауларын сұраймыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.