СҚО полицейлері «Тұрмыс» операциясының екі күні ішінде есепте тұрған 1263 адамды тексерді
СҚО полицейлері «Тұрмыс» операциясының екі күні ішінде есепте тұрған 1263 адамды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған адамдар мен тұрмысы төмен отбасыларды тексеруді күшейтті. Полицейлер жағдайды зерттеп, бұрын отбасындағы жанжал мен спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланумен көзге түскен адамдардың тұрғылықты жері бойынша профилактикалық әңгіме жүргізеді.
Ауыр қылмыстар, жазатайым оқиғалар, өрт және басқа да жағдайлар алкогольді асыра пайдаланудан жиі орын алады. Сырт көзге аса байқала бермейтін, маңызды және мамандардың қатысуын талап ететін тағы мәселенің бірі – бұл отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс пен құқық бұзушылық. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары отбасындағы келеңсіздіктер бірте-бірте орнына келеді деген сеніммен бірден полицияға жүгіне бермейді. Өкінішке орай, үнемі бұлай бола бермейді. Атап айтқанда, аталған саладағы қылмыстарды уақтылы алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлері ұдайы жедел-профилактикалық іс-шаралар, рейдтер мен акциялар өткізеді.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, 24-30 қаңтар аралығында СҚО аумағында «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың, сондай-ақ алкогольдік масаң күйде жаслатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Бұдан бөлек, есептегі адамдар мен тізімдік есепте тұрған адамдарды тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде қойылған міндеттерді орындауға ішкі істер органдарының барлық күш пен құралдары жұмылдырылды.
«Тұрмыс» операциясының екі күні ішінде облыс полицейлері тұрғылықты жері бойынша 1200-ден аса есепте тұрған адамды, оның ішінде маскүнемдікке салынған 702 адамды, 112 нашақорды, 170 тұрмысы төмен отбасын тексерді. 198 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Профилактикалық есепке 165 адам қойылды. Бұдан бөлек, Мамлют ауданының полиция бөлімі қызметкерлері дүкенде 630 литр жуық спирттік ішімдік сақтау фактісін анықтады, иесінде оларды өткізуге тиісті лицензиясы болмаған. Кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi жүзеге асыру) бойынша материал жиналды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы, егер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жағдайда бірден полицияға: әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлініске, учаскелік инспекторларға хабарлау қажеттігін атап өтті. Уақтылы полицияға жүгіну келеңсіздік пен қылмыстың алдын алуға көмегін тигізеді.