СҚО полицейлері жасөспірімдердің арасында 200-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті
Төрт күннің ішінде СҚО полицейлері жасөспірімдердің арасында 200-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Іс-шара төрт күн бойы өткізілді, полицейлерден бөлек, іс-шараға прокуратура, білім органдарының өкілдері, ата-аналар комитеттерінің мүшелері қатысты.
Тұрмысы қолайсыз отбасылар, компьютерлік клубтар, көңіл көтеру орындары – демалыс күндері облыс орталығында қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен кең ауқымды рейд өткізілді.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, ювеналдық полицейлер Жұмысшы кентіндегі есепте тұрған екі отбасыны тексерді. Бір отбасының балалары қазіргі уақытта Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленуде, ересектерді ата-ана құқығынан айыру мәселесі шешілуде. Екіншісі отбасыда – анасы түзелуде. Тәртіп сақшылары үйдегі жағдайды зерделеп, спирттік ішімдіктерді асыра ішуге және құқық бұзушылықтарды жасауға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Сол кеште бірқатар компьютерлік клубтар, диско-барлар, сондай-ақ аулалар мен тұйық көшелер тексерілді. Шамамен сағат түнгі бірде ЦУМ-ның маңайында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүрген 17 жастағы жасөспірім анықталды. Бала көшеде жүргенін серуенге шыққанымен түсіндірді. Нәтижесінде ол үйіне жеткізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды, ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
«Жасөспірім» іс-шарасының төрт күнінде облыстың ішкі істер органдарына 142 кәмелетке толмаған жеткізілді. 204 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 108-і жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жүруі. Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді атқармаудың 50 фактісі тіркелді. 32 кәмелетке толмаған және 25 тұрмысы қолайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды.
Полицейлер кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс күнде жүргізілетінін атап өтті, басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.