СҚО полицейлері жол ережесін өрескел бұзған автобус жүргізушілерін анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті ел аумағында алты күн бойы өткізілген «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты мен міндеті – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жұмыс режимін сақтауын бақылау, сондай-ақ өңір жолдарындағы апаттылықты азайту. 26 шілде күні Петропавл сыртындағы айналма жолда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала ішінде қатынайтын бағыттардың бірінің автобусын басқарып келе жатқан 57 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Күннің жарығынан қорғану үшін көліктің алдыңғы терезесін қараңғылатып, пленка жабыстырған, бұл көлік құралдарының пайдаланудың өрескел бұзушылығына жатады. Бұзушылықты жүргізуші сол жерде жойды. Бұл факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сол күні кешке қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жұмысшы кентінің көшелерімен мас күйде жүрген Mitsubishi жеңіл автокөлігінің 45 жастағы жүргізушісін ұстады. Оны тоқтатып, ұстау кезінде ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Медициналық куәландыру оның бойында мастықтың «орташа дәрежесін» көрсетті. Ер адам 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ «Автобус» операциясы шеңберінде 28 шілде күні Кошуков көшесінде 62 жастағы маршруттық автобус жүргізушісінің қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал жиналды. Ол 6 айға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы, «Автобус» іс-шарасының алты тәулігінде полицейлер мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп өткізген рейдтер барысында жол жүрісі қағидаларының 300-ден астам түрлі бұзушылығын анықтады. Оның ішінде, көлік басқару кезінде телефон пайдалану – 52, маневр жасау ережелерін бұзу – 32, жылдамдықты арттыру бойынша 26 факті анықталды. 19 жүргізуші көліктерін техникалық тексерусіз пайдаланған. Жолаушылар көлігінің қатысуымен өңір жолдарында 6 айда төрт жол-көлік оқиғасы тіркелді, бес адам жарақат алды.