Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жұмыста 662 мобильдік планшетті пайдаланады

СҚО полицейлері жұмыста Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі базасына қосылған 662 мобильдік планшетті пайдаланады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Instagram»-ның 100-ден аса пайдаланушысы ведомствоның өткен аптадағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларына, сондай-ақ жол қозғалысы мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгертулерді түсіндіруге арналған Полиция департаментіндегі онлайн-брифингтің көрермені болды.

СҚО Полиция департаменті Штабы бастығының орынбасары Сергей Погосский криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы баяндады. Бір аптаның ішінде СҚО-да 209 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, қылмыс ашу деңгейі 89%-ды құрады. Ащы суды асыра ішудің негізінде жасалатын қылмыстардың және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Іс-шара барысында есепте тұрған төрт мыңнан астам адам тексерілді. Оның ішінде – маскүнемдер, тұрмысы қолайсыз отбасылар, отбасы жанжалқойлары бар. Қосымша 326 адам есепке қойылды. Апта қорытындысы бойынша бұрын жасалған 33 қылмыс ашылды, оның 16-сы өткен жылдары жасалған.

Облыс жолдарында апаттылықтың төмендегені байқалады: бір жол-көлік оқиғасы тіркелген, апаттан екі адам жарақат алған. Көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 12 жүргізуші ұсталды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету желісі бойынша толық ақпарат берді. Ол патрульдік полицейлер мен учаскелік полиция инспекторлары Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізіліміне қосылған мобильдік планшеттермен жабдықталғаны туралы атап өтті. ӘІБТ планшеттері 2017 жылдан пайдаланылады. Қазіргі уақытта облыс полицейлері 662 планшетпен жабдықталды. Бұл полицейлердің жұмысын айтарлықтай жылдамдатады, сондай-ақ жүргізуші куәлігін және техникалық паспортты алып жүрмеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 13 ақпанынан тексеріс кезінде аталған құжаттар болмаған жағдайда әкімшілік жаза қолданылмайды. Бұл ретте жүргізушіде жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың түпнұсқасы болуы тиіс.

Тексеріс кезінде смартфонға сақталған жеке куәліктің фотосын көрсетуге бола ма, жаяу жүргінші құжаттарды алып жүруі тиіс пе, ресейлік есептегі көлік жүргізушілері қандай құжат көрсетуі тиіс – желі қолданушыларынан келіп түскен сұрақтарға толық жауап берілді. Жалпы үш жүзге жуық сұрақ келіп түсті. Іс-шара соңында полицейлер апта сайын өткізілетін онлайн-брифингтердің бейнекөрсетілімі «Instagram» және «Facebook»-тегі ведомстволық парақшаларда сақталатыны туралы атап өтті, сондай-ақ «App Store» және «Google Play» арқылы тегін жүктеп алуға болатын «102» мобильдік қосымшасының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру